Мектебімізде 5–10 сынып қыздары арасында «Қыз бала – ұлттың айнасы» тақырыбында тәрбиелік маңызы зор жиналыс өткізілді. Іс-шараның негізгі мақсаты – қыз балалардың бойындағы ұлттық құндылықтарды дәріптеу, инабаттылыққа, әдептілікке, өзін құрметтеуге, жауапкершілікке тәрбиелеу, сондай-ақ қыз баланың қоғамдағы және болашақ отбасындағы рөлін түсіндіру болды.
Жиналыс барысында қыз тәрбиесінің маңыздылығы кеңінен айтылды. Себебі бүгінгі қыз – ертеңгі ана, ұлт болашағын тәрбиелейтін тұлға. Сондықтан қыз баланың жүріс-тұрысы, сөйлеу мәдениеті, киіну әдебі, үлкенге құрметі, кішіге қамқорлығы – бәрі де ұлттық тәрбиенің көрінісі екені түсіндірілді.
Қатысушылар шеңберге тұрып, «Мен әдемімін, өйткені…» сөйлемін жалғастыру арқылы бір-біріне жылы көңіл күй сыйлады. Бұл жаттығу қыздардың өзін-өзі бағалауын арттырып, сенімділік қалыптастыруға бағытталды.Жиналыстың негізгі бөлігінде «Қыз деген кім?» тақырыбында ашық әңгіме өрбіді. Оқушылар өз ойларын ортаға салып, пікір алмасты.
Талқыланған сұрақтар:
- • Қыз бала қандай болу керек?
- • Қыз баланың ең басты қасиеттері қандай?
- • Қазіргі заман қызынан не талап етіледі?
Қыздар инабаттылық, ұяттылық, мейірімділік, білімділік, тазалық, жауапкершілік, еңбекқорлық, өз-өзіне сенімділік сияқты қасиеттерді атап өтті. Сонымен қатар заманауи қыздың тек тәрбиелі ғана емес, білімді, мақсатшыл, өз пікірін ашық жеткізе алатын тұлға болуы керектігі айтылды.







