Бүгінгі сынып сағатында оқушылармен табиғатты қорғаудың маңызы туралы әңгіме өрбіді. Табиғат – біздің өміріміздің тірегі, сондықтан оны сақтау әрбір адамның борышы екені айтылды. Балалар қоршаған ортаға жанашырлықпен қарап, өсімдіктер мен жануарларға қамқор болу, қоқысты ретсіз тастамау, су мен ауа тазалығын сақтау туралы өз ойларымен бөлісті.
Сонымен қатар «Не жөнінде үндемей қалуға және ата-аналардан жасыруға болмайды?» тақырыбы да талқыланды. Оқушыларға қиын жағдайда қалғанда, қауіп төнгенде немесе көңілдеріне тиетін мәселе орын алса, оны жасырмай ата-аналарына, мұғалімдеріне айту маңызды екені түсіндірілді. Себебі үлкендерге дер кезінде айтылған мәселе – шешімін тез табуға, баланың өзін қауіпсіз сезінуіне көмектеседі.






